ЭЫДҰ-ның «Болашақ білім мен дағдылар: Білім беру – 2030» жобасы аясындағы үшінші виртуалды жаһандық форумы
2021 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (бұдан әрі – НЗМ) ДББҰ-ы ЭЫДҰ-ның «Болашақ білім мен дағдылар: Білім беру – 2030» жобасы аясында Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі ретінде өз жұмысын жалғастырды. 2021 жылдың 10-12 мамырында ЭЫДҰ-ның үшінші виртуалды жаһандық форумына (бұдан әрі – форум) қатысты. Бірінші форум 2020 жылдың мамыр айында, ал екінші форум 2020 жылдың қазан айында өтті.
Форумның негізгі тақырыбы – «Ковидтен кейінгі білім беруге дайындық: жеке тұлғаға бағытталған және цифрлық куррикулум». Форумға Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушылары Анель Башарова, Валерия Ким, Жомарт Жексенбай және Алматы қаласындағы физикалық-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Джафар Қабиденов қатысты. Жалпы, әлемнің түрлі елдерінен 300-ден астам адам жиналды.
Форум үш күн бойы халықаралық сарапшылардың қатысуымен ZOOM онлайн-платформасында жүргізілді. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың пікірі мен тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Біздің оқушылар әртүрлі фокус-топтарға бөлініп, соның арқасында Индонезия, Жапония, Эстония, Португалия, Үндістан және т.б. елдердің өкілдерімен жұмыс істей алды.
Топтарда осал оқушыларға арналған бағалау жүйесі мен оқыту әдістері, оқуға қолайлы ортаның маңыздылығы, мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қатынасы, сондай-ақ қазіргі уақытта мұғалімдерге қажетті құзыреттіліктер туралы мәселелер талқыланды. Анель Башарова осал оқушылар өздерінің маңыздылығын сезінуі үшін оларға ата-аналар мен қоғам тарапынан қолдау қажет екенін атап өтті. Валерия Ким оқушылар мен мұғалімдер арасында сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығына және соның арқасында оқушыларды оқу үдерісіне тартуға болатынына тоқталды. Жомарт Жексенбай мектептегі өзін-өзі басқару тәжірибесімен бөлісіп, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы жағдайды қалай жасауға болатыны туралы өз көзқарасын айтты.
Шығыс Қазақстан облысының орта мектеп мұғалімдеріне арналған вебинарла
2021 жылғы 30 сәуірде Білім беру бағдарламалары орталығының пәндік үйлестірушілері «Ауыл мектебі» жобасы аясында С.Ластаев, Р.Марсеков атындағы мектептер мен Үлкен Нарын мектебі бастауыш сынып пен ағылшын пән мұғалімдері үшін кезекті вебинарлар өткізді.
Вебинарлардың мақсаты – пәндердің жаңартылған оқу бағдарламаларын қолдану барысында педагог мамандарға әдістемелік қолдау көрсету.
Мұғалімдердің назары оқушылардың зерттеушілік, коммуникативтік және проблемаларды шешу дағдыларын қалыптастыру және дамыту тәсілдеріне, тілдік құзыреттілікті дамытуға бағытталған интерактивті әдістерді тиімді қолдану жолдарына аударылды.
ЭЫДҰ баяндамасы «Мектептің білім беру жағдайы: індет жылы»
COVID-19 індетінің салдарынан 2020 жылы әлемнің 1,5 миллиардтан астам оқушысы мектепке бара алмады. Одан бері арада бір жыл уақыт өтсе де, жағдай әлі де тұрақсыз болып тұр. Мектептер ашылып, артынан қайта жабылып жатыр: мұның бәрі оқушыларға белгілі бір дәрежеде қиындықтар тудыруда.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, әртүрлі елдердегі жағдайды қадағалап, әр жүйенің дағдарысқа қалай төтеп беріп отырғаны жөнінде, яғни мектептердің жабылуынан және қашықтықтан оқытудан бастап, мұғалімдерді вакцинациялауға және мектепке біртіндеп оралуға дейінгі аралықтағы мәліметтерді жинайды.
2021 жылдың сәуірінде ЭЫДҰ «Мектептің білім беру жағдайы: індет жылы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Онда COVID-пен байланысты қалыптасқан ахуалдан кейін бір жыл өткен соң әлемдегі жағдай туралы хабардар ететін сауалнаманың алдын ала нәтижелері келтірілген.
Сауалнама нәтижелері кейбір елдердің мектептерді толығымен жаппағанын көрсетеді. Осы ретте қашықтықтан білім беру және гигиенаны сақтау коронавирустың таралуының алдын алуда ең кең қолданылатын шаралар болды, бірақ олар мектептерге кіру мүмкіндігін шектеп, білім беру ісіне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Алайда PISA бойынша білім деңгейі ең төмен елдердің 2020 жылы мектептерді ұзақ уақытқа толығымен жабуы алаңдаушылық тудырады.
«Білім беру бағдарламаларын әзірлеу: жоғары білім берудің жаһандық талаптарға сәйкестігі» атты монографиясы
Назарбаев Университетінің Жоғарғы білім беру мектебі «Білім беру бағдарламаларын әзірлеу: жоғары білім берудің жаһандық талаптарға сәйкестігі» атты ұжымдық еңбекті жарыққа шығарды. Монографияда білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру тұрғысындағы құндылықтар мен құзыреттіліктер, бағдарламалар мен курстарды әзірлеу, оқу және оқыту тақырыптары қамтылған. Монографияны білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, енгізуге және бағалауға қатысатын мамандардың пайдалануына болады.
«Медиа сабақ» платформасы жоғары сынып мұғалімдеріне, «Адам және қоғам» пәнінің оқытушыларына арналған «Медиа ақпараттық сауаттылық» деп аталатын ресурстық кітапты тегін ұсынып отыр.
Мұғалімдер сабақты немесе сыныптан тыс іс-шараларды жоспарлау барысында аталмыш оқу құралындағы әдістемелік материалдарды пайдалана алады. Әдістемелік материалдарда «медиа» және «ақпараттық сауаттылық» ұғымдарының мағынасы, олардың оқушылар үшін өзектілігі, оқыту үдерісіне кірігуі, сондай-ақ ақпараттық құралдарды дұрыс пайдалануға тәрбиелеу жұмыстарының әдіс-тәсілдері сипатталады.