Білім беру бағдарламалары орталығы туралы

2012 жылдың 2 ақпанында
ашылған

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының

бөлігі болып табылады

 

Орталықта
140 қызметкерден тұратын 14 бөлім бар

Негізгі қызметі
кіріктірілген
білім беру және оқу бағдарламаларын әзірлеу

 

БІЗ ТУРАЛЫ

Білім беру бағдарламалары орталығы (бұдан әрі – Орталық) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы ретінде 2012 жылдың 2 ақпанында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің күндізгі отырысының шешімімен (№5 хаттама) құрылды. Орталықты директор Әбділдина Жанар Нұрбапашқызы басқарады.

Білім беру бағдарламалары орталығының негізгі міндеттеріне инновациялық білім беру бағдарламалары мен ресурстарын әзірлеу, олардың апробациясы мен іске асырылуын ғылыми-әдістемелік қолдау, Зияткерлік мектептердің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ — NIS-Programme (бұдан әрі — NIS-Programme) білім беру бағдарламасын әзірлеу және қайта қарау аясындағы мониторинг, сондай-ақ зерттеу жұмыстары кіреді.

Миссиясы

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламасын тұрақты жетілдіру және оларды еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне бейімдеу арқылы

Қазақстандағы жалпы орта білім беру сапасын арттыруға ықпал ету.

Тарихы

Орталық құрылған сәтінен бастап білім беру бағдарламалары мен оқулықтардың, цифрлық білім беру ресурстары мен әдістемелік құралдардың мазмұнын әзірлеу саласында көрсетілетін қызметтер мен өнімдер аясын кезең-кезеңімен кеңейте отырып, икемді әрі қарқынды даму үрдісіне ие.

Орталықтың тарихын шартты түрде 3 кезеңге бөлуге болады.

2012-2015 жылдар

Орталық өз қызметін 45 қызметкерден тұратын командамен бастады, олар пән мамандары мен әкімшілік-басқару қызметкерлері болатын. Орталықтың бастапқы құрылымы 8 бөлімнен тұрды: жаратылыстану-математикалық, лингвистикалық, қоғамдық-гуманитарлық және кешенді-эстетикалық бағыттағы бөлімдер, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімі, халықаралық бакалавриат бағдарламаларының енгізілуін мониторингілеу және бақылау бөлімі, қаржы-экономикалық және ұйымдастыру-әкімшілік бөлімдері.

Орталықтың негізгі қызметі «Кіріктірілген білім беру бағдарламасы» және үштілді білім беру саясатының тұжырымдамалық құжаттарын, Зияткерлік мектептерге арналған пәндік оқу бағдарламалары мен орта мерзімді жоспарларды әзірлеуге бағытталған болатын. Зияткерлік мектептерде үштілді оқыту саясаты мен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру ісі мониторинг, оқыту және мұғалімдерді ғылыми-әдістемелік қолдаумен сүйемелденді.

Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламасының тұжырымдамалық идеяларының негізінде ҚР бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру жүйесі үшін жалпыға міндетті жаңартылған мемлекеттік стандарттарын әзірлеу жұмысы басталды.

2016-2017 жылдар

Орталықтың қызметінде Зияткерлік мектептер мен еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне арналған оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) әзірлеу және басып шығару сияқты жаңа бағыт пайда болды.

Орталықтың құрылымы 10 бөлімге дейін ұлғайды, ОӘК әзірлеуді сүйемелдеу бөлімі, редакциялық бөлім, аударма жұмысы бөлімі, дизайн және баспаға дейінгі дайындық бөлімі, талдау және зерттеу бөлімі қосылды. Қызметкер саны 116 адамға дейін өсті.

Осы кезеңде еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне жаңартылған білім беру мазмұнын кезең-кезеңімен енгізу басталды. Орталық «Жүйелік-әдістемелік кешеннің» (ЖӘК) онлайн-платформасын құру және толықтыру сияқты ауқымды елдік жобаны үйлестіруді өз қолына алды. Контент ҚР орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында сабақты екі тілде (қазақ және орыс) жүргізу үшін қажетті сабақ жоспарлары мен барлық пәндер бойынша дидактикалық материалды қамтыды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ЭЫДҰ-ның «Болашақ білім беру мен дағдылар: Білім беру – 2030» жобасының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі болды. Орталық қызметкерлері ЭЫДҰ – 2030 (ЭЫДҰ тұсбағдары – 2030) тұжырымдамалық шеңберін әзірлеу және білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелерін талқылау жөніндегі жұмыс тобының құрамына енді.

2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін

Орталықтың құрылымы 14 бөлімнен тұрады, қызмет аясы цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеу және Орталықтың зияткерлік өнімдерін маркетингтік жылжыту сияқты бағыттарды біріктіреді. 2020 жылдың соңына қарай орталық қызметкерлерінің саны 140-қа жуықтады.

2017 жылы NIS-Programme болып өзгертілген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы халықаралық деңгейде танылды.

NIS-Programme тиімділігі 2018 жылы PISA-2018 халықаралық зерттеуінде Зияткерлік мектеп оқушылары көрсеткен жоғары

нәтижелер арқылы расталды. Математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық нәтижелері бойынша Зияткерлік мектептердің оқушылары қатысушы елдердің үздік бестігіне кірді, ал оқырман сауаттылығы бойынша он бірінші орынға ие болды.

Дегенмен, NIS-Programme мазмұны ЭЫДҰ елдерінің стандарттары «призмасы» арқылы, сондай-ақ қоғамда болып жатқан өзгерістерге сай үнемі жетіліп отырады.

Орталық қызметінің негізгі бағыттары

1. Оқу бағдарламалары мен әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеу, пәндер бойынша оқу бағдарламаларының іске асырылуының мониторингін жүргізу және оларды жетілдіру.

2. Зияткерлік мектеп мұғалімдерін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу.

3. Білім беру ресурстарын әзірлеу:

· Оқу-әдістемелік кешендер (мұғалімге арналған нұсқаулық, оқулық және жұмыс дәптері);

· Цифрлық білім беру ресурстары.

4. Ғылыми-зерттеу қызметі.

5. Тәжірибені Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне тарату.