NIS-Programme білім беру бағдарламасы туралы

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім беру үдерісі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның «NIS-Programme» білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. 

 NIS-Programme бағдарламасын әзірлеу барысында қазақстандық мәнмәтін қолданылып, ұлттық құндылықтар мен орта білімді дамытудың халықаралық озық үлгілерін қамтитын кешенді тәсілдеме пайдаланылды. 

NIS-Programme оқушылардың бойында іргелі академиялық білімді қалыптастыруға, жаратылыстану-математикалық пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы сыни ойлау мен функционалдық сауаттылықты дамытуға, жоғары деңгейде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға және үштілді білім беруге бағытталған. 

Тарихы

Қазіргі таңда NIS-Programme бағдарламасы A/As-level (Ұлыбритания), O-Level (Сингапур), Халықаралық бакалавриат және т.б. көптеген халықаралық бағдарламалармен салыстыруға келетін қазақстандық бренд болып саналады.

Зияткерлік мектепті бітіруші 12-сынып түлегінің сертификатын білім туралы куәліктерді тану жөніндегі халықаралық ұйымдар мен жүйелер (NARIC, ANABIN, UCAS, NUFFIC) және жетекші шетел университеттері (Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Германия, Гонконг, Жапония, Аустралия, Жаңа Зеландия және т.б.) бакалавриат бағдарламалары бойынша  оқуға бірден түсуге жарамды деп таниды. 

Сондай-ақ NIS-Programme қазақстандық жоғары оқу орындарында да  жарамды деп танылады және Зияткерлік мектептің 12-сынып түлегіне берілген сертификат нәтижелеріне байланысты бакалавриаттың 3 жылдық бағдарламалары бойынша оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Қазақстанның бірқатар университеті жоғары сыныпта оқыған пәндердің оқу бағдарламасындағы бөлімдерді жеке пәннің кредиті ретінде есептейді. 

NIS-Programme ерекшеліктері

NIS-Programme білім беру бағдарламасының мазмұны  құндылықтарды арттыруға, белсенді оқыту әдістеріне, өзара кіріктірілген және коммуникативті қарым-қатынасты дамыту тәсілдемелеріне негізделген.

NIS-Programme бағдарламасында: құрмет, ынтымақтастық, ашықтық, елжандылық және азаматтық жауапкершілік, еңбек сүйгіштік, шығармашылық, өмір бойы білім алуға деген ұмтылыс т.б. бірқатар құндылықтар анықталған

Осы құндылықтарды оқушылардың бойына дарыту – оқу бағдарламасындағы пәндік мазмұн арқылы және сабақта немесе сабақтан тыс іс-шараларда олардың белсенді оқу әрекеті арқылы жүзеге асырылады.

NIS-Programme бағдарламасын жүзеге асырудағы басты мақсат – озық ойлы, жоғары білімді, шығармашыл тұлғаны үйлесімді қалыптастыру үшін білімді шығармашылық тұрғыдан қолдану, сыни ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану, коммуникативтік қарым-қатынас тәсілдерін қолдану, топта және жеке жұмыс істей алу, мәселелерді шешу, шешім қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларды дамытатын қолайлы білім ортасын құру. 

Бағдарлама құрылымы

NIS-Programme мынадай білім деңгейлерін қамтиды: бастауыш білім (бастауыш мектеп 1-5 сыныптар); негізгі орта білім (негізгі мектеп 6-10 сыныптар); жалпы орта білім (жоғары мектеп 11-12 сыныптар). 

Білім берудің барлық деңгейлері бойынша құрылған пәннің оқу бағдарламалары сабақтастық (спиральды тәсілдеме) және бірізділік қағидаларына негізделген, соған сәйкес оқыту мақсаттары сыныптан сыныпқа, білім берудің бір деңгейінен екінші деңгейіне қарай көтеріліп, күрделеніп отырады.

NIS-Programme мазмұны  білім берудің 6 саласын қамтиды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Дене шынықтыру».   

 

Үштілді білім беру

Үштілді білім беру NIS-Programme бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылады. Демек, бағдарлама үш тілді жетік меңгерген, пәндік салаларды үш тілде толық білетін, диалогты еркін жүргізе алатын, өз халқының мәдениетін жоғары бағалайтын, басқа халықтардың мәдениетін түсінетін және құрметтейтін көптілді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Үштілді білім беру мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

  • қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жеке пән ретінде деңгейлеп оқыту;
  • оқыту тіліне қарамастан жеке пәндерді екінші (қазақ/орыс) және үшінші (ағылшын) тілде оқыту; Мысалы: «Дүниетану», «Қазақстан тарихы (Қазіргі әлемдегі Қазақстан)» «География», «Құқық негіздері» пәндерін қазақ тілінде; «Дүниежүзі тарихы», «Информатика» пәндерін орыс тілінде; жоғары сыныптарда «Экономика», «Жаһандық перспективалар және жобалау жұмысы» және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту.
  • сыныптан тыс жұмыстарды үш тілде ұйымдастыру.

Зияткерлік мектептерде тілдерді деңгейлеп оқыту сөйлеу әрекетінің негізгі төрт дағдысын дамытуға бағытталған коммуникативтік тәсілдемеге негізделген.

Тілдік емес пәндерді екінші және үшінші тілдерде оқыту «Пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту» (CLIL – Content and Language Integrated Learning) тәсілдемесіне негізделген. 

Әдістемелік қолдау

Орталық Назарбаев Зияткерлік мектептерінің және өзге де NIS-Programme бағдарламасын енгізген білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне арнап оқытудың заманауи тәсілдерін қолдануға қатысты семинарлар мен тренингтер өткізеді.

Мұғалімдерді ресурстық қолдау үшін онлайн-платформа жұмыс істейді, онда оқу бағдарламалары мен орта мерзімді жоспарлардың электрондық нұсқаларын, әдістемелік құралдарды, сабақтарға арналған оқу материалдарын (http://cep-forum.nis.edu.kz/) жүктеп алуға болады.

 Виртуалды және демалыс мектептері

Виртуалды және демалыс мектептері – бұл мақсатты аудитория үшін қашықтықтан білім беру технологияларын қолданатын онлайн білім беру формалары. Аталған мектептерде оқу орта білім беру ұйымдарының 5-6-сынып оқушыларына зияткерлік мектептердің 7-сыныбына түсуге, конкурстық іріктеуге қатысуға және NIS-Programme бойынша оқуға дайындалуға көмектеседі. 

Орталық виртуалды және демалыс мектептерінің оқу контентін қамтамасыз етеді.

Виртуалды мектепте оқушылар онлайн-сабақтарға қатысады, тапсырмаларды орындайды, тестілеуден өтеді. Содан кейін тестілеу қорытындысы бойынша оқушылар демалыс мектебіне күндізгі сабақтарға және бейінді пәндер бойынша кеңес алуға шақырылады. 

Виртуалды мектеп туралы мына сілтеме бойынша https://vs.nis.edu.kz қосымша ақпарат алып, тіркелуге болады.