ЭЫДҰ баяндамасы «Мектептің білім беру жағдайы: індет жылы»
COVID-19 індетінің салдарынан 2020 жылы әлемнің 1,5 миллиардтан астам оқушысы мектепке бара алмады. Одан бері арада бір жыл уақыт өтсе де, жағдай әлі де тұрақсыз болып тұр. Мектептер ашылып, артынан қайта жабылып жатыр: мұның бәрі оқушыларға белгілі бір дәрежеде қиындықтар тудыруда.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, әртүрлі елдердегі жағдайды қадағалап, әр жүйенің дағдарысқа қалай төтеп беріп отырғаны жөнінде, яғни мектептердің жабылуынан және қашықтықтан оқытудан бастап, мұғалімдерді вакцинациялауға және мектепке біртіндеп оралуға дейінгі аралықтағы мәліметтерді жинайды.
2021 жылдың сәуірінде ЭЫДҰ «Мектептің білім беру жағдайы: індет жылы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Онда COVID-пен байланысты қалыптасқан ахуалдан кейін бір жыл өткен соң әлемдегі жағдай туралы хабардар ететін сауалнаманың алдын ала нәтижелері келтірілген.
Сауалнама нәтижелері кейбір елдердің мектептерді толығымен жаппағанын көрсетеді. Осы ретте қашықтықтан білім беру және гигиенаны сақтау коронавирустың таралуының алдын алуда ең кең қолданылатын шаралар болды, бірақ олар мектептерге кіру мүмкіндігін шектеп, білім беру ісіне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Алайда PISA бойынша білім деңгейі ең төмен елдердің 2020 жылы мектептерді ұзақ уақытқа толығымен жабуы алаңдаушылық тудырады.
Сауалнама нәтижелерімен мына сілтеме бойынша толығырақ танысуға болады: https://www.oecd-ilibrary.org/docserver/201dde84-en.pdf?expires=1619762381&id=id&accname=guest&checksum=FBDB251A39CB40AE77CA864DC65545E2