ЭЫДҰ-ның «Болашақ білім мен дағдылар: Білім беру – 2030» жобасы аясындағы үшінші виртуалды жаһандық форумы
2021 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (бұдан әрі – НЗМ) ДББҰ-ы ЭЫДҰ-ның «Болашақ білім мен дағдылар: Білім беру – 2030» жобасы аясында Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі ретінде өз жұмысын жалғастырды. 2021 жылдың 10-12 мамырында ЭЫДҰ-ның үшінші виртуалды жаһандық форумына (бұдан әрі – форум) қатысты. Бірінші форум 2020 жылдың мамыр айында, ал екінші форум 2020 жылдың қазан айында өтті.
Форумның негізгі тақырыбы – «Ковидтен кейінгі білім беруге дайындық: жеке тұлғаға бағытталған және цифрлық куррикулум». Форумға Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушылары Анель Башарова, Валерия Ким, Жомарт Жексенбай және Алматы қаласындағы физикалық-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Джафар Қабиденов қатысты. Жалпы, әлемнің түрлі елдерінен 300-ден астам адам жиналды.
Форум үш күн бойы халықаралық сарапшылардың қатысуымен ZOOM онлайн-платформасында жүргізілді. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың пікірі мен тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Біздің оқушылар әртүрлі фокус-топтарға бөлініп, соның арқасында Индонезия, Жапония, Эстония, Португалия, Үндістан және т.б. елдердің өкілдерімен жұмыс істей алды.
Топтарда осал оқушыларға арналған бағалау жүйесі мен оқыту әдістері, оқуға қолайлы ортаның маңыздылығы, мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қатынасы, сондай-ақ қазіргі уақытта мұғалімдерге қажетті құзыреттіліктер туралы мәселелер талқыланды. Анель Башарова осал оқушылар өздерінің маңыздылығын сезінуі үшін оларға ата-аналар мен қоғам тарапынан қолдау қажет екенін атап өтті. Валерия Ким оқушылар мен мұғалімдер арасында сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығына және соның арқасында оқушыларды оқу үдерісіне тартуға болатынына тоқталды. Жомарт Жексенбай мектептегі өзін-өзі басқару тәжірибесімен бөлісіп, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы жағдайды қалай жасауға болатыны туралы өз көзқарасын айтты.
«Болашақ білім мен дағдылар: Білім беру – 2030» жобасы туралы толық ақпаратты https://www.oecd.org/education/2030-project/ сілтемесінен алуға болады.