Әл-ауқат және қауіпсіздік

            Өскелең ұрпақтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі дамушы әлемде маңызды рөл атқарады және де қазіргі қоғамның дамуындағы басым бағыттардың бірі болып табылады.

Білім беру бағдарламалары орталығы 7-10-сынып оқушыларына арналған  «Әл-ауқат және қауіпсіздік» элективті курсын әзірледі. Бұл курс қоршаған әлемде және әлеуметтік ортада қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз ететін білім мен дағдыларды игеруге, қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын құруға, салауатты және қауіпсіз өмір салтын, эмоциялық және психикалық тұрақтылық құндылықтарын қалыптастыруға, жеке және ұжымдық қауіпсіз әрекет ету ережелерін игеруге бағытталған.

Курстың мақсаты – оқушылардың бойындағы тұлғалық құзыреттіліктерді дамыту, мәселелерді еңсеру және бейімделу дағдыларын қалыптастыру, қоршаған әлемде қауіпсіз мінез-құлық туралы білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіру. Оқушылар дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік және гигиенаны сақтау; темекі, алкоголь және есірткінің зияны; өз эмоциялық хал-ахуалын  сақтау және басқа адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату туралы білімдерін толықтырады. Бұл курс оқушыларға өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлардың  алдын алу үшін саналы мінез-құлық дағдыларын дамытуға, айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін дамытуға, әлеуметтік және эмоциялық интеллект дағдыларын арттыруға көмектеседі. Бағдарламада қарым-қатынас жасау қағидалары, өзгелерді тыңдау және өз ойлары мен эмоцияларын білдіру әдебі қарастырылады. Бұл оқушыларға басқа адамдармен салауатты, оңтайлы қарым-қатынас орнатуға және жанжалдарды тиімді шешуге көмектеседі. «Әл-ауқат және қауіпсіздік» курсының материалы оқушылардың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі бағалауын дамытуға ықпал етеді. Курс мазмұнында оқушыларға теориялық білімін іс жүзінде көрсету үшін практикалық мысалдар мен шынайы өмірден алынған жағдайлар  ұсынылады. Бұл оларға  аталған мәселеге байланысты шынайы өмірден алынған жағдайларды жақсы түсінуге және бағалауға көмектеседі.

Әр сыныпқа арналған элективті курс бағдарламасы 34  сағатты  құрайды.

Курс төрт бөлімнен тұрады:

  1. Денсаулықты сақтау және салауатты өмір салты
  2. Психикалық саулық пен көңіл хошы
  3. Әлеуметтік ортадағы жайлылық
  4. Жеке бастың қауіпсіздігі

Бағдарламада қамтылған тақырыптар шиыршықты оқу моделіне негізделген, яғни сыныптан-сыныпқа өткен сайын оқушылардың білімі мен дағдылары жетілдіріле түседі.

Поделиться!

Поделись этим постом с друзьями!