Жоғары мектептің математика пәні мұғалімдеріне арналған тренинг

25-26 наурыз мектеп оқушыларының демалыс күндерінде Білім беру бағдарламалары орталығының пән мамандары Т.У. Аубакиров, А.И. Балгужинова және Алматы қ. ФМБ НЗМ математика пәні мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі С.Б. Калкулов 10-12-сынып мұғалімдеріне арналған «Кездейсоқ шамалар және математикалық статистиканың негізгі есептері» тақырыбына тренинг өткізді.

Тренингтің мақсаты — математика пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру және 12-сыныптың оқу бағдарламасындағы «Математикалық статистиканың негізгі есептері» атты жаңа бөлімін оқытуға дайындау.

Тренинг бағдарламаға алғаш рет енгізілетін тақырыптар бойынша мұғалімдердің пәндік білімін жетілдіруге бағытталды, сонымен қатар осы тақырыптарды оқытудың әдістемелік тәсілдері және оқушыларды сыртқы жиынтық бағалауға дайындау мәселелері қарастырылды. Қатысушылар кездейсоқ шамалардың таралу параметрлерінің нүктелік және аралық бағалауын құру, статистикалық гипотезаларды тексеру есептерін шешті.

Тренингке Зияткерлік мектептердің 260-қа жуық мұғалімі қатысты.

Поделиться!

Поделись этим постом с друзьями!