«Қазақ халқының күй-аңыздары» атты кітаптың тұсаукесері

2024 жылғы 24–25 қыркүйекте Астана қаласында WALS 2024 халықаралық конференциясы аясында «Қазақ халқының күй-аңыздары» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап қазақ және ағылшын тілдерінде әзірленген, құрастырғандар – Білім беру бағдарламалары орталығының қызметкерлері: «Музыка» пәнінен сарапшы Оспанова Анар Досанқызы және суретші-иллюстратор, дизайнер Алмасбаева Айсұлу Жұмабекқызы.

Басылым Қазақстанда алғаш рет қазақ күй-аңыздарын білім беру комиксі форматында ұсынуымен ерекшеленеді. Оқырмандарға «1 кітапта 5 әрекет» орындауға мүмкіндік берілген: оқу, тыңдау, ойнау, көру, сурет салу. Басылымда «толықтырылған шынайылық» (AR) цифрлық технологиялары бар, оның көмегімен қобыз, домбыра, жетіген музыкалық аспаптарының 3D-модельдерін көруге, олардың құрылымын зерделеуге, қосымша ақпаратпен танысуға және осы аспаптарда виртуалды ойнауға болады.

Кітапта қазақтың дәстүрлі аспаптарында орындалатын күйлердің ноталары ұсынылған. Бұл оқырманын қазақ музыкасын тереңірек зерттей түсуге ынталандырады.

Кітапта күй-аңыздарға негізделген бояуға арналған беттер бар, бұл кітапты тек білім беру ресурсы ретінде танытып қоймай, оны қызықты шығармашылық жұмыс шеберханасына айналдырған.

Кітапта сипатталған барлық жұмыс түрлері аталмыш кітапты басқа басылымдардан ерекше және қызықты етеді!

 

Поделиться!

Поделись этим постом с друзьями!