«Білім беру мен дағдылардың болашағы: білім беру – 2030» жобасы шеңберіндегі ЭЫДҰ-ның алғашқы виртуалды жаһандық форумы

   

 

«Білім беру мен дағдылардың болашағы: білім беру – 2030» жобасы шеңберіндегі ЭЫДҰ-ның алғашқы виртуалды жаһандық форумы

   

     

    2020 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ (ары қарай - НЗМ) ЭЫДҰ-ның «Білім беру мен дағдылардың болашағы: білім беру – 2030»  жобасында Қазақстан тарапынан ұлттық үйлестіруші ретінде өз жұмысын жалғастырды.

Мамыр айында ЭЫДҰ «2030 білім беру мен дағдылар мәселелері жөніндегі жаһандық форумын» (бұдан әрі - Форум) алғашқы рет виртуалды түрде ұйымдастырды. Форумға НЗМ қызметкерлері Жанар Абдильдина, Зарина Хамидулина, Айжан Рамазанова, Петропавл қаласындағы ХББ НЗМ директоры Нұрғали Елшібеков пен Семей қаласындағы ФМБ НЗМ математика пәнінің мұғалімі Наркен Бүркенов қатысты. Сонымен қатар форумға Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 және 12-сынып оқушылары Джафар Қабиденов, Ардана Изимова мен Әли Стамбаев қатысты. Форумға әлемнің 300-ден астам өкілі қатысты.

Форумның негізгі мақсаты — індет жағдайында білім беру бағдарламаларын іске асыруға қатысты туындаған қиындықтарды талқылап, шешім қабылдауға, сондай-ақ басқа елдердің тәжірибесін зерттеуге  мүмкіндік беретін алаң құру.  Кездесу үш фокус-топтың қатысуымен өтті, бірінші фокус-топ әртүрлі елдердің үкіметтері мен мемлекеттік құрылымдарының өкілдерінен құралса, екінші фокус-топ – оқу орындарының мұғалімдері мен оқытушыларынан, үшінші фокус-топ – бүкіл әлемнің оқушылары мен студенттерінен құралды.

Екі күн бойы халықаралық сарапшылардың қатысуымен ZOOM онлайн платформасында топтар жұмыс істеді. Әлемнің төрт тарапынан келген оқушылардың пікірі мен тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді. Біздің оқушылар әртүрлі фокус-топтарға бөлініп келесі топтармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды: Бразилия, Германия, Оңтүстік Корея оқушыларымен; Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай мұғалімдерімен; АҚШ, Дания үкіметтерінің өкілдерімен, сондай-ақ Нидерланд ханшайымы Лаурентинмен.

Зияткерлік мектеп оқушылары қатысқан топ модераторлары біздің оқушыларымызға өз топтарынан спикер ретінде қорытынды сессияда нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік берді.  

Джафардың негізгі идеяларының бірі — оқу үдерісін қазіргі күрделі кезеңге барынша бірқалыпты бейімдеу мақсатында мұғалімдермен және әкімшілікпен бірлесіп жұмыс істеу үшін мектептердің өзін-өзі басқару негізінде оқушылар тобын құру.  Ал Ардана оқушыларды ынталандыру маңыздылығына баса назар аударды. Ол оқушылар арасында олардың ынтасына  әсер ететін факторларға қатысты зерттеу жүргізуді ұсынды. Халықаралық сарапшы Питер Мехисто Ардананың ұсыныстарын дәйексөз етіп қайталады.

Әли қатысқан топ қазіргі күнде қалыптасқан жағдайда емтихандар тапсыру және жоғары оқу орындарына ауысуға байланысты оқушылардың алаңдауын талқылады. Бұл проблеманың басты себебі ретінде белгісіздік көрсетілді, сондықтан коммуникацияны жақсарту негізгі шешімдердің біріне айналды. Әли мектептер (оқушылар, мұғалімдер, ата - аналар) мен негізгі шешімдерді қабылдайтын стейкхолдерлер, яғни университеттер, министрліктер, емтиханға жауапты ұйымдар арасында байланыс құруға ерекше көңіл бөлуді ұсынды.

Қорытындылай келе, оқушылардың қабілетін бағалау үшін қолданылатын қазіргі күнгі емтихандарды қайта қарау мәселесі көтерілді, бұл өз кезегінде форумға қатысушыларды ойға салды.

Осы жылдың күзінде ЭЫДҰ-ның екінші виртуалды кездесуі жоспарланып отыр.