«Қазақ тіліне бойлау» жобасының алғашқы қадамы

 

           24 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Білім беру бағдарламалары орталығы» Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қазақ тіліне бойлау іс-тәжірибесін еліміздің мектепке дейінгі мекемелеріне трансляциялау мақсатында Астана, Көкшетау және Талдықорған қалаларында «Қазақ тіліне бойлау жобасының әдістемелік негіздері және оны жүзеге асыру жолдары» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп жатыр.  Семинар тренингке барлығы 96 тәрбиеші қамтылды. Семинарды «Білім беру бағдарламалары орталығының» мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің аға менеджерлері (Қ.Қ. Байтенова, Ж.Б. Қажығалиева), Талдықорған (А.Ж. Балшенова, М.А. Байтұрғанова, Г.Н. Үйсінбекова, А.Ж. Қилышева) және Көкшетау (А.А. Сабдина, А.К. Боранбаева, А.Ж. Нурбикенова, А.С. Сабитова, А. Қалилаева,) қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибелі мамандары мен тәрбиешілері жүргізуде.

          Семинар барысында балабақша тәбиешілері «Қазақ тіліне бойлау» жобасының мақсат-міндеттерімен, Талдықорған қаласы НЗМ балабақшасында қазақ тіліне бойлау әдісінің жүзеге асырылуы тәжірибесімен таныса отырып, тілге бойлау әдісі негізінде мектеп жасына дейінгі балалардың мемлекеттік тілді меңгеруіне зор мүмкіндік беретініне көз жеткізді.

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» және «Астана қаласындағы Халықаралық мектеп» жанындағы балбақша тәрбиешілерінің «Қазақ тіліне бойлау» жобасы туралы пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

«Бағдарлама тіліміздің мәртебесі арта түсуіне көмектеседі. Тілге бойлау әдісінің нәтижесінде біздің де оқу іс-әрекетіміз де өзгереді деп ойлаймын». (К.А. Шаханова)

«Ең бастысы – балалары арқылы ата-аналардың қазақ тілін үйренуіне көмектеседі» (Өміртаева Г.А.)

«Семинар менің тәрбиеші ретінде өз әріптестеріммен тәжірибе алмасып, тілге бойлаудың қарапайым әдіс-тәсілдерімен танысуға, баланың сөздік қорын дамыту, сөйлеу формаларын меңгерту түрлерін үйренуге көмектеседі».  (Аккисова С.Е.)

          «Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері балаларының мемлекеттік тілді меңгеруіне нақты жағдай жасалады, мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне қоғамның назарын аударуға мүмкіндік береді». (Баякеева Ш.М.)

«Орыстілді баланы қазақ тілінде сөйлеуге, түсінуге, ойлауға, қабылдауға, құрметтеуге үйретеді». (А.А. Тукешова)

Талдықорған қаласындаға семинарға қатысушы педагогтер бағдарламаға үлкен қызығушылық танытып, алдағы екі аптада өздерін қызықтыратын барлық мәліметтерді алып, практикалық іс-әрекеттен көретіндеріне қуаныш сезімдерін өздерінің жазған кері байланыстары мен директорға және балабақша ұжым педагогтеріне айтқан лебіздерінен байқатты.