ЭЫДҰ бесйресми жұмыс тобының 6-кездесуіне қатысу

         2017 жылдың 23-25 қазанында Париж қаласындағы ЭЫДҰ штаб-пәтерінде «Білім және дағдылардың болашағы: Білім беру-2030» жобасының бейресми жұмыс тобының 6- кездесуі өтті. Аталған шара жұмысы мемлекеттердің білім беру жүйелерін әзірлеу және жаңарту мәселелерін бірге шешетін, сондай-ақ дербес талқылай алатын ортақ тіл мен алаң орнатуға бағытталды. Жобаға 30-дан астам елдер, атап айтқанда, Сингапур, Германия, Оңтүстік Корея, Финляндия секілді мемлекеттер және Халықаралық Бакалавриат, Еуропалық комиссия және т.б. халықаралық ұйымдар қатысуда.

Жобаға жаңартылған білім мазмұнына көшу шеңбері аясындағы іс-шараларға қатысу Қазақстан үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, қатысушылар әлемнің түрлі елдеріндегі оқу бағдарламалары мен жоспарлары туралы ақпаратпен таныса алады; орта білімнің заманауи мазмұнын анықтауға қатысты туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылайды және білім беру бағдарламасын әзірлеу үдерісін жетілдіру туралы өзара пікір алмасады.

6-кездесу шеңберінде білім беру бағдарламасының шамадан тыс жүктеліміне, 2030 жылы өзектілікке ие болатын білімді тереңдетуге, дағдыларды дамытуға, көзқарастар мен құндылықтарды қалыптастыруға қатысты мәселелер талқыланды; ЭЫДҰ Тұжырымдамалық бағытын дамыту жұмысы жалғастырылып, оқу бағдарламаларының оқушылардың келешектегі мұқтаждықтарына сәйкес келмеу мәселелері талқыланды.

Аталған шараға 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жобаның ұлттық үйлестірушісі ретінде тағайындалған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілдері Қазақстан Республикасының делегаттары ретінде қатысты. Делегация құрамында Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Абдильдина, Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің директоры Талғат Байназаров, математика пәнінің мұғалімі Гүлнәр Апеева, сондай-ақ Астана қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушылары Қайсар Дәулетбек, Дияр Сапаров және Арманжан Мұратбаев болды. Аталған оқушылар математика пәнінің оқу бағдарламасы болашағына бағытталған сессияны ашу құрметіне ие болды.