2015 жылғы тамыз

Біліктілікті арттыру аясында Білім беру бағдарламалары орталығында 2015 жылғы тамыз айында «Математика» пәні бойынша 7-9 және 11-12 сыныптардың мұғалімдеріне арналған тренингтер өтті.

Тренинг жұмысына 17 Зияткерлік мектептің 76 мұғалімі қатысты.

Тренингтің негізгі мақсаты:

  • 2015 – 2016 оқу жылында енгізілетін «Математика» пәні бойынша оқу бағдарламалары мен жоспарларының жаңартылған және өзгертілген нұсқаларын тренинг қатысушыларына ұсыну, оларға енгізілген өзгерістермен таныстыру;
  • оқыту мен оқуда түрлі заманауи педагогикалық тәсілдемелерді тиімді қолдану және озық технологияларды пайдалана отырып, сабақ моделін жоспарлау бойынша ресурстармен және жаңа идеялармен алмасу үшін мұғалімдердің ұжымдық жұмысын ұйымдастыру;
  • «Математика» пәні бойынша оқыту үдерісінде қолданылатын белсенді оқыту мен бағалаудың қағидаттарымен және стратегияларымен, сонымен қатар сабақтарда формативті бағалаудың негізіне жататын қағидаттармен таныстыру;
  • оқушылардың кеңістіктік ойлауын дамытуға арналған осы немесе өзге оқу материалын тиімді меңгеру мүмкіндігін беретін «Геогебра», «Тірі геометрия» сияқты кейбір бағдарламалық қамсыздандыруларды, оқушылардың білімін бекіту мен бағалау үшін, сонымен қатар  ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың құралдарымен жұмыс дағдыларын дамыту үшін «Kahoot», «Mymath» және т.б. онлайн бағдарламаларын көрсету.

2014 – 2015 оқу жылында жүргізілген Кіріктірілген білім беру бағдарламасын енгізу мониторингінің нәтижелері қарастырылып, сонымен қатар  өткен жылдарда жүргізілген тренингтердің қорытындылары бойынша НЗМ мұғалімдерінің ұсыныс пен кеңестері есепке алынып, тренингтердің материалдары әзірленді.

Математика сабағында формативті бағалау бойынша сессиялар жүргізілді. Қатысушылар «Математика» пәні бойынша 12 сынып оқушыларын сыртқы суммативті бағалау нәтижелерін талдаумен танысты.

Тренинг материалдарын форумнан таба аласыздар (http://cep-forum.nis.edu.kz сілтемесі).