2015 жылғы 20-29 тамыз

2015 жылғы 20-29 тамыз аралығында жаңа ашылған Алматы, Петропавл және Ақтау қалаларындағы Химия мен биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде әдістемелік көмек көрсету шеңберінде «Математика» пәні бойынша кіріктірілген білім беру бағдарламасын түсіндіру бойынша оқыту семинарлары өткізілді.

Семинар қатысушылары пән бойынша оқу бағдарламасы мен оқу жоспарының құрылымымен және мазмұнымен (ұзақ мерзімді жоспар, орта мерзімді жоспар, қысқа мерзімді жоспар), оларды әзірлеу қағидаттарымен танысты (спираль қағидаты бойынша мазмұнды ұйымдастыру, жоғары деңгейдегі ойлау дағдылары мен коммуникативті дағдыларды дамытуға бағдарлануы және т.б.), «Математика» пәні бойынша бағдарлама ерекшеліктері, және оқу жүктемелігін бөлу мәселелерімен танысты.

Семинар қатысушыларына «Онлайн-форум» және «Педагогикалық білімдер базасы» ЖМК, осы сайттарда жұмыс істеу қағидаттары таныстырылды (сайтта тіркелу, материалдарды қарау мен жүктеу, талқылауларға, түсініктеме беруге қатысу). Бұдан басқа, пайдалы сайттар мен ресурстар, онлайн-калькуляторлар және оқыту үдерісін ойдағыдай іске асыру үшін қажетті бағдарламалар таныстырылды.

Семинарға қатысушылар тренерлермен бірге оқу бағдарламалары мен жоспарларына негізделе отырып, семинарда қарастырылған стратегиялар мен педагогикалық әдістерді ескеріп, интернет-ресурстар және бағдарламаларды қолдана отырып, математика бойынша қысқа мерзімді жоспарларды әзірледі.

Әзірленген сабақ жоспарлары бойынша мұғалімдер микросабақтар өткізді, идеялармен алмасты. Осы семинар барысында қатысушылар Кіріктірілген білім беру бағдарламасымен жұмыс істеу бойынша қажетті ақпаратты алды, сондай-ақ қысқа мерзімді жоспарларды әзірлеу және микросабақтарды өткізу барысында әріптестері мен тренерлерінен кері байланыстың тиімділігін атап өтті.