Семинар қатысушыларының пікірлері

 

Абдухотаева Райхан Бекмұратқызы  

Қызылорда қаласы «Мұрагер» мектебі  

 

12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ӨТКІЗІЛГЕН СЕМИНАРДАН АЛҒАН ӘСЕРІМ

 

Жаңа 2015 жылдың алғашқы күндері Астана қаласындағы іссапарымыздан басталды. Іссапарымыздың мақсаты – Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне тарату аясында ұйымдастырылған пилоттық мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу семинарына қатысып, қажетті тәжірибе жинақтау. Семинарды ұйымдастырушылар – «Назарбаев Зиткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығы», соның ішінде «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің» аға менеджерлері Байтенова Қ.Қ,, Рахимжанова Б.Б., Талдықорған қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» бастауыш сыныптың оқу меңгерушісі Кулик Н.В. және бастауыш сынып мұғалімі Анар Тойкенқызы. Семинардың алғашқы күнінде әр пән бойынша оқу бағдарламаларындағы мақсаттардың қамтылып орындалуы жүзеге қалай асырылатыны, сабақты қызықты өткізудің әдіс-тәсілдері түсіндірілді. Ал оқу семинарының келесі күндерінде

жұмыс мазмұны тәжірибелік бағытта ұйымдастырылып, семинарға қатысушылар, яғни өзіміз сабақты өткізіп, алған теориялық білімімізді практикада жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Әр өңірден келген мұғалімдермен бірлесе жұмыс жасай отырып, бір-бірімізбен тәжірибе алмастық. Білім беру бағдарламалары орталығы бұл семинардың алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты. Белгілі себептерге қатысты келесі тәжірибелік жұмыстарға қатысу мүмкіндігім аз болғанымен, осы жолғы алған тәжірибемді оқушылармен жұмыс жасауда міндетті түрде қолданамын. Жаңа форматта оқыту, оқушылардың әлеуетін ашып, жан-жақты дамуларына мүмкіндік беретіне толық сенімімді білдіре отырып, оқу семинарын ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын!

8 қаңтар, 2015 жыл

 

 

 

 

 

 Ешмұратова Ж.Т.  

Қызылорда қаласы «Мұрагер» мектебі  

 

Білім беру бағдарламалары орталығының табалдырығын алғаш аттап, оқу семинарына қатысқан алғашқы күнімнен, тәжірибелік бағыттағы жұмыстарға қызыға қатысқаным сондай, 1-сыныпқа бүлдіршіндер қабылдағанда қандай сезімде болса, мен де сондай сезімде болғандаймын. Алдағы оқу жылында қандай қиындықтар, нендей жауапкершіліктер күтетінін сезініп, бойымды қорқыныш пен сенімсіздік билеген еді.

Орталыққа келе 12 жылдық білім беру моделінің маңызы мен тиімділігі жайлы толық мағлұмат алып, «Назарбаев Зияткерлік мектептерімен» бірігіп жұмыс жасайтынымызды, білікті мамандардан дәріс алатынымызды білгенде қуаныш ұялай түсті.

Семинардың бірінші күні «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарушы директоры Қазжанова Айгүл Өмірқызының құттықтауы мен оқу семинарын өткізуші «Білім беру бағдарламалары орталығы» қызметкерлерінің жылы шырайлы қарсы алуымен басталды. «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартындағы өзгерістерді талқылау таныстығымызды одан әрі арттыра түсті.

Одан әрі әр сессия сайын оқыту барысындағы мұғалімнің оқушыларға бағыт-бағдар бере отырып, олардың оқу процесіне белсене қатысуын қамтамасыз ету керектігін, олардың ой-өрісін дамыта отырып, негізгі ғылымға кіріспе жасайтындығын жете түсіне бастадым.

Ал бағалау барысында кері байланысқа түсе отырып өз қателіктерін өздеріне тапқыза білу жақсы нәтижеге жетелейтінін тереңірек түсіндім. «Белсенді оқыту әдістерін» пайдаланып қимыл-қозғалыс әрекетіне түсіп, ойын әдісін пайдалану бастауыш сынып оқушыларының білім алуында жалықтырмаудың ең тиімді жолы деген ұйғарымға келдім.

Әр пән бойынша оқу бағдарламасының мазмұны мен ерекшелігі саралап, оқу бағдарламасының ұстанымдары мен пәндік мазмұнының құрылымын талдай білдім. Пән бойынша оқу жүктемесімен таныса отырып, олардың дәстүрлі оқытудан ерекшеленетін айырмашылығын таптым. Әрине, қиындығы мен қызығы қоса жүретін ұстаздық жолындағы бізге артылып отырған жүктің салмағы жеңіл емес. Енді семинарда оқудан соң Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздарда қорқыныш пен үрейден гөрі батылдық пен сенімділікті ұялата білген «Білім беру бағдарламалары орталығына» алғысымыз шексіз.

9 қаңтар, 2015 жыл

 

 

 Сулейменова Г.Т

Елеусізова А.М

Павлодар обл., №1 Майқайың

жалпы орта білім беру мектебі

 

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» демекші, оқушыға берілетін білімнің мазмұны заман талабына сай өзгеріп отыруы керек. Осыған орай, республикамызда білім саласын дамытуда көптеген жобалар іске асырылып, респуликамыздың түпкір-түпкіріндегі педагог-мамандарға оқу семинарлары мен конференциялар жиі ұйымдастырылуда. Соның бірі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығы» пилоттық мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне арнап өткізген оқу семинары. Семинар барысында Жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты, оқу бағдарламалары, оқу жоспарының ішкі құрылымдары (ұзақ мерзімді жоспар, орта мерзімді жоспар, қысқа мерзімді жоспар) талданды. Жасалған жұмыстар бойынша Орталық қызметкерлері бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинарда педагогикалық тәсілдемелер мен белсенді оқыту әдісі туралы теориялар ұсынылып, оны сабақта қолдану тиімділігі туралы айтылды. Әр сессияда сол әдіс-тәсілдер практика жүзінде жүзеге асты, Жұмыс қорытындысы бойынша мұғалімдер өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әр күнгі сессия жұмысында рефлексия жасалып отырды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бастауыш сынып ұстаздары мемлекет алдына қойылған үлкен ауқымды жұмысты өз дәрежесінде нәтижелі өткізетіндеріне сенім артамын.

 

 Сарсенгалиева Алия Иеуленовна  

Жамбыл обл., Т. Рысқұлов ауд., Құлан ауылы  

№1 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі  

 

Қаңтар айынының 5-9 аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығы» ұйымдастырған оқу семинарына қатыстық. Пилоттық мектептердің ұстаздары ретінде біздер үшін семинар өте құнды болды. Семинар барысында Орталық қызметкерлері Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты жайлы, Педагогикалық тәсілдемелер және оқу стратегиялары, белсенді оқыту әдісінің ұстанымдары және белсенді оқыту әдістерін сабақта қалай қолдануға болатындығы жайлы өз тәжірибелерімен бөлісті. Әрбір жаңа бөлім, жаңа тақырып бойынша кері байланыс өткізіліп, өз ойымызбен, өз тәжірибемізді жеткізе білуге мүмкіндік алдық.

Бес күнге белгіленген оқу семинары бойында оқушыны сабаққа барынша қызықтырып, олардың таным процестерінің дамуына жол ашатын түрлі тәсілдемелер мен белсенді оқыту әдістерін тәжірибе түрінде де қолданып, мұғалім, бақылаушы, оқушылар позициясында бола отырып, жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың артықшылығын жақсы түсіне бастадық.

Қорыта келгенде, Орталық қызметкерлеріне алғысымызды білдіре отырып, осы оқу семинарында алған тәжірибемізді ештеңеден тайсалмай бастауға толықтай сенімдімін. Орталық жұмысынан өнімді еңбек пен шығармашылық табыс тілеймін, рахмет!

 

 

 Үскембаева Ажар Жаманқызы  

Жамбыл обл., Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы  

№1 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі  

 

Еліміздің ертеңгі болашағы - мектеп қабырғасынан білім нәрімен толықтай сусындаған оқушы. Ал білім негізі білім берудің алғашқы деңгейінің бірі бастауыш сыныптан бастап қалыптасатыны белгілі. Сондықтан қазіргі таңда оқушыларға білім берудің тиімді жолдарын таба білу өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бастауыш сынып оқушыларының түрлі ерекшеліктерін ескере (психологиялық, физиологиялық және т.б.) отырып, олардың әлеуетін ашу үшін барынша, түрлі тәсілдемелер қолданып, оқушыға өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беру, белсенді оқыту әдістерін тиімді қолдану бастауыш сынып мұғаліміне қойылатын басты талап. Осы бағытта пилоттық мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналып ұйымдастырылған оқу семинарынан алған әсерім мен қажетті білім, білік, дағды элементтері өте көп.

Қорыта келгенде, оқу процесі барысында оқу-тәрбие үрдісі барысында оқушының таным процестерінің ерекшеліктерін барынша ескере отырып, дұрыс бағытта жұмыс жасау көп нәтиже беретінін, әрі оқушыны сабақ барысында мол жетістікке жеткізетін жаңа әдіс-тәсілдердің барынша тиімді болып табылатынына толық сенімдімін.

 

 

 

 

Тойбаева Райхан Асылбекқызы  

Жамбыл обл., Т.Рысқұлов ауд., Құлан ауылы  

№1 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі  

 

 «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, білім мәселесі қай кезеңді алсақ та өзекті болып қалады. Білім негізі қаланатын бастауыш сыныпта, ескеру қажет мәселелерден қалт қалмау керек. Соның ішінде оқушыларға білім берудің тиімді жолдарын іздестіру. Сол себепті «Білім беру бағдарламалары» ұйымдастырып отырған пилоттық мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу семинары жиналған қатысушылар үшін құнды болды. Семинарды жүргізуші Орталық қызметкерлері әр пәнге жеке–жеке тоқталып, әр түрлі әдістерді көрсетіп үйретті. Қорыта келгенде оқу процесі барысында баланың таным процестерінің ерекшеліктерін оқу-тәрбие үрдісі барысында барынша ескере отырып, дұрыс бағыттта жұмыс жасау көп нәтиже беретінін, әрі оқушының сабақ барысында жетер жетістігі мол болады деп сенеміз.

 

 

 

 

 

 Назаркулова Жанар Альмахановна  

Жамбыл обл., Т.Рысқұлов ауд., Құлан ауылы  

№1 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі  

 

Бүгінгі таңда әлемдік білім кеңестігіне толығымен ықпалдасу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етеді. Әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдері өз білім беру жүйелерінде барынша тиімділікті қамтамасыз ететін, сапалы білім беруге көшуді бастап та кетті. Біздің елімізде де мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өз жолдауларында үндегендей білім беру мазмұнын жаңғырту білім берудің алғашқы деңгейлерінен басталуы керек. Соның ішінде бастауыш білім беруге аса назар аудару, келешекте жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға апарар бірден бір жол.

«Білім беру бағдарламалары орталығы» ұйымдастырған 5 күнге созылған оқу семинары пилоттық мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері біздер үшін өте маңызды, әрі құнды болды.

Семинар барысында белсенді оқыту әдістерімен жан-жақты танысып, өзара оқыту, белсенді оқыту түрлерін және әр пән бойынша оқу мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігін қалай алуымызға болатыны жайлы көптеген мағлұматтар алып, кері байланыс барысында тәжірибе жүзінде жүзеге асырдық. Білім қоржынымыздың біршама салмақ қосып артуына жағдай жасаған оқу семинарын ұйымдастырушы «Білім беру бағдарламалары орталығына» алғысым шексіз.

 

 

 

 

 

 Мухамбетжанова С.О.  

БҚО, Теректі ауданы  

Шаған жалпы орта білім беретін  

мектебінің бастауыш сынып мұғалімі  

 Қазіргі таңда елімізде білім беру саласындағы болып жатқан өзгерістер жалпы қазақстандық мұғалімдер қауымына үлкен леп әкелді. Сондықтан да ұстаздар алдында тұрған ұлы мұраттардың бірі – білімі мен білігі жарасқан ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда озық деңгейдегі жаңа заманауи технологияларды көрсету жаңашылдыққа ұмтылудың бірден-бір жолы болып табылады. ХХІ ғасырда еліміздің болашағын алға қарай жетелеуші ұрпаққа білім беруді қамтамасыз ететін жалпы білім беру саласына түбегейлі өзгеріс, яғни 12 жылдық білім беру жүйесін енгізу баса назар аударарлық мәселе болып отыр. Осы мақсатпен еліміздің астанасы Астана қаласында 5-9 қаңтар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге тарату аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалар орталығы» оқу семинарын өткізді.

Семинар өте жоғары деңгейде өтті. Семинар барысында Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартымен таныса отырып, оның маңыздылығын талдап, стандартты жүзеге асыруды практика жүзінде қолданудың  тиімді жолдарын жетік меңгере алдық. Әрбір сессияда Орталық қызметкерлері теорияны практикамен шебер ұштастыра ұйымдастырды. Бұл семинардың жалпы ұстаздар қауымына берері мол, сабақта пайдаланар тұстары біршама. Семинарды өткізушілердің әріптестермен қарым-қатынасы, сабақ берудегі шеберлігі жоғары деңгейде болды.

Осындай озық ойлы тәжірибелердің арқасында, біз өзімізге білім саласындағы болып жатқан жаңа технолияларды көру арқылы көптеген мәліметтер алып, оны өз тәжірибемізде сәтті қолданатынымызға сенімдімін.

 

 

ОҚО, Созақ ауд., Созақ ауылы  

«Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Азибаева Бағила Қалқабайқызы  

 

 

 

 

Бүгінгі күні әлемдік талапқа сай білім беру мақсатында 12 жылдық білім беру жүйесі қолға алынуда. Әрине, туындайтын қиындық та бар, дегенмен, бәсекеге қабілетті, білім беру мазмұнын сапалы етіп қалыптастыру даму үрдісін алдыға қарай жетелейді.

Қоғам бізден күрделі өзгеруді талап етіп отырғандықтан, құзыреттілігімізді арттырып, ата-ана сеніммен тапсырған оқушыларды оқытып-тәрбиелеудің ең тиімді тәсілдемелері мен әдістерін қолдануымыз керек. Білім беру бағдарламалары ұйымдастырған оқу семинары, осы бағытта кәсіби шеберлегімізді шыңдап, алға терең ой тастап, үнемі ізденісте болуға жетеледі. Білімнің биік шыңына шығу жолында бірге атсалысуға барлық әріптестерімді шақырамын!

 

 

 

 Сабирова Айнагул Базарбаевна
  

БҚО, Теректі ауданы  

Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің  

бастауыш сынып мұғалімі  

 

12 жылдық білім беру жүйесіне ену мақсатында Астана қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге тарату аясында Білім беру бағдарламалары орталығының ұйымдастыруымен бастауыш сынып мұғалімдеріне оқу семинары өтті.

Семинар барысында білім беру стандартының маңыздылығымен таныса отырып, әр пән бойынша оқу бағдарласының мазмұны мен ерекшеліктері талданды. Семинарды ұйымдастырушылар өздерінің ұстаздық шеберлігін жоғары дәрежеде көрсете білді. Теория мен практиканы тиімді ұштастырып, әр түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді көрсетті. Семинарда белсенді оқыту әдістерін, саралап оқыту түрлерін үйрендік және оларды практика жүзінде қолданудың барынша тиімді екенін түсіндік. Осы оқыту әдіс-тәсілдерін өзіміздің тәжірибемізде тиімді қолдана білсек, болашақта өзіндік ой-пікірі қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелейміз деген сенімдемін.