5-9 қаңтар 2015 ж.

2015 жылдың 5-9 қаңтар аралығында еліміздегі Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартын және орта білім беру мазмұнын ішінара жаңартуды енгізетін 30 пилоттық мектептің бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу семинарын өткізілді. 12 жылдық білім беру моделінің оқу бағдарламаларымен жұмыс істеу мәселелері қарастырылған бұл семинарға еліміздің  барлық өңірлерінен 116 бастауыш сынып мұғалімі қатысты.   

Семинарды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарушы директоры Айгүл Қазжанова ашты. Өз сөзінде ол орта білім мазмұнын жаңарту қажеттілігі және жаңа 12 жылдық білім беру бағдарламасының ерекшеліктері туралы айтып өтті.  

5 күндік семинардың алғашқы күні семинарға қатысушылар Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты, педагогикалық тәсілдеме және оқыту стратегиялары, белсенді оқыту әдістері, өзара оқыту, саралап оқытудың ерекшеліктері мен түрлері сынды мәселелермен танысып, талқылады.

Келесі күндері «Сауат ашу», «Математика», «Дүниетану», «Жаратылыстану»  пәндері бойынша оқу бағдарламаларының мазмұны және ерекшеліктерін, сабақта функционалдық сауаттылықты қалыптастыру қажеттілігін қарастырды. Сауат ашу сабақтарында тілдік төрт дағдыны қалыптастыру үлгілері, Математиканы оқытудың практикалық бағыты, Математика сабағында логикалық ойлау қабілетін дамыту, Жаратылыстану сабақтарында оқушылардың функционалды сауаттылығы  мен  зерттеу дағдыларын қалыптастыру,  Оқушылардың уақыт және кеңістікте, қоғамда бағдарлану дағдыларын қалыптастыру, Микро-оқыту  форматындағы тәжірибе алмасу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

Оқыту семинары жабылу сәтінде  бастауыш сынып мұғалімдеріне «Білім беру бағдарламалары орталығы» директоры Әбділдина Жанар Нұрбапашқызы сөз сөйледі. Ол ұстаздардың сұрақтарына жауап беріп, семинарда алған білімдерін оқу бағдарламаларын жүзеге асыруда нәтижелі әрі тиімді пайдалана алатынына сенімін білдірді. Жағымды және ынталандырушы оқу ортасын құрудың маңыздылығын, авторитарлық оқыту стилінен бас тарту, мұғалімнің оқушы пікірін тыңдап, сенім білдіруі қажеттілігін атап өтті.