5-7 қараша 2014 жыл

2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі белгілеген 30 пилоттық мектепте 12-жылдық білім беру моделі бойынша бастауыш мектептерде білім берудің жаңа стандартын қабылдау жоспарлануда. Осы мектептердің мұғалімдерін даярлауды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы жүзеге асырады. 

2014 жылы 5-7 қарашада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Тәжірибе тарату департаменті мектеп директорлары мен директорлардың орынбасарларына арналған алғашқы семинарды ұйымдастырды. Семинар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы К.Н. Шәмшидинованың сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол әлемде орын алып жатқан өзгерістерден туындаған жаңартудың қажеттілігі, ХХІ ғасыр шақырулары туралы айтты. Сонымен қатар ол қазіргі білім беру жүйесіне тән ең басты кемшіліктерді атап өтті және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған тұжырымдамаларды ұсынды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарушы директоры А.А. Қазжанова «Міндеттер  мен борыштарды анықтау арқылы оқу орнын дамыту стратегиясы» тақырыбында, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламалары және саясаты департаменті директорының орынбасары Ж. Сүлейменова «Мектептерде тәрбие жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында сессия өткізді. Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Б.А. Балғынбаева жалпы білім беру ұйымы жетекшісінің мектеп тәжірибесін өзгерту жағдайындағы ролі туралы баяндама оқыды. Сонымен қатар мектеп кітапханаларының қызметін ұйымдастырудағы инновациялық тәсілдемелер туралы Білім беру бағдарламалары және саясаты департаментінің аға менеджері А.Ағаділ баяндап берді.

Екі күн ішінде Білім беру бағдарламалары орталығының мамандары пәндер бойынша сабақтар жүргізіп, білім алудың жаңа мазмұны мен тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Содан соң Білім беру сапасын бағалау департаменті және Педагогикалық өлшемдер орталығының өкілдері білім алушылардың оқу жетістіктерін өлшемдік тұрғыда бағалаудың тұжырымдамалық тәсілдері туралы айтып өтті.

Үш күндік семинардың соңында мектеп жетекшілері үшін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевпен кездесу ұйымдастырылды. Директорлар мен директорлардың орынбасарлары мазмұнның жаңартылу процесі туралы өздерін қызықтыратын сұрақтарын қоюға жақсы мүмкіндік алды және өз ұсыныстары мен ойларын білдіре алды.