2014 жылғы 6-14 тамызда

2014 жылғы 6-14 тамызда Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Химия» пәні бойынша 7-8, 11-12 сыныптарда оқытатын мұғалімдер үшін тренингтер өтті. Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері А.К. Магзумова ұйымдастырып өткізген бұл тренингтерге 73 мұғалім қатысты.

7-8 сыныптарға арналған тренингтің қатысушылары оқытудың пәндік, тілдік мақсаттарын айқындау ерекшеліктерін, сабақ мақсаттарының дифференциациясын талдады. Тренинг өзін-өзі бағалау форматында өтті, қатысушылар өздерінің сабақ жоспарларын әкелді, бірнеше топқа бөлініп, тренерден алған білімдерінің негізінде осы жоспарларды жетілдіру жолдарын ұсынды.

Тренингтердің үшінші күні жаңа оқу мақсаттары бойынша зертханалық және практикалық жұмыстарды әзірлеу мен өткізуге арналды. Бұл жұмыстарды қолданыстағы халықаралық талаптарға сай ресімдеуге баса назар аударылды. Соңғы күні қатысушылар микро-оқыту форматында жұмыс істеп, тренингте алған білімдерін қалай қолданатынын көрсетті.  

11-12 сынып мұғалімдеріне арналған тренингтерге Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары – х.ғ.д., профессор С.Н. Никольский және х.ғ.к., доцент А.У. Рсымбетова – қатысты.  Тренинг қатысушылары лекция тыңдап, 2014 жылғы сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша оқушылардың ең аз игерген оқу мақсаттары бойынша практикалық жұмыстар өткізді (органикалық химия, талдаудың спектрлік әдістері, термодинамика ұғымдары).   

«Қышқылды-негіздік тепе-теңдік» және «Буферлік ерітінділер» тақырыптары бойынша арнайы жабдықты қолданып өткізген практикалық жұмыстардың нәтижелері халықаралық талаптарға сай ресімделді, сонымен қатар оқушылардың сыртқы жиынтық бақылауда жіберген қателіктері де талқыланды.