Қазақ тілі мұғалімдерінің форумы

Биылғы қазан айының басында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Білім беру бағдарламалары орталығы еліміздің қазақ тілі мұғалімдері үшін республикалық форум ұйымдастырды.

Қазақ тілін оқытудағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептер арасында тарату, қазақ тілін оқытудағы жаңа тәсілдер мен әдістемелерді бөлісу, үштұғырлы тіл саясатының шеңберінде қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, қолданылу аясын кеңейту жолдарын қарастыру мақсатында өткізілген шара білім беру саласындағы 300-ге тақау маманның басын қосты. Атап айтсақ, Білім және ғылым министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының, Зияткерлік мектептердің, олармен әріптестік жүргізетін базалық мектептер мен еліміздің әр өңіріндегі жалпы білім беретін орта мектептердің өкілдері келді бұл форумға.

Форумға қатысушыларды дәстүрлі түрде құттықтау сөзімен ашқан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шамшидинова жиналған ұстаздарды осы күндермен тұспа-тұс келген төл мерекесімен құттықтап, мемлекеттік тілдің дамуына ерекше үлесін қосып жүрген әріптестердің еңбегі құрметке лайық атап өтті. Күләш Ноғатайқызы жаһандану заманында бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеп, өсіруде жалғыз ғана қазақ тілінің аздық ететінін, Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған үштұғырлы тіл саясатының алға қойып отырған мақсаттарына қол жеткізу үшін әлі де аянбай тер төгу қажет екенін, өзге тілдерді үйренумен қатар мемлекеттік тілді дамытуға бар күшімізді салатынымызды айтты. Әлемнің озық елдерінің қатарында көрінуі үшін ел ертеңі өскелең ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруі де өте маңызды міндет.

- Біз өзге тілдерді жан-жақты даму үшін үйренеміз. Әрине, қазақ тілі үнемі бірінші орында тұруы керек, - деп атап өтті К. Шамшидинова.

Форумның пленарлық бөлімінде Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджерлері Жанабай Абуов пен Лейла Нұрақаева Зияткерлік мектептерде қолданылатын Кіріктірілген білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Бұл бағдарламалар білім беру процесінің негізін құрайды, олар отандық және халықаралық тәжірибенің озық үлгілерін кіріктіреді. Аталған құжаттарды әзірлеуге Зияткерлік мектептердің практик мұғалімдері мен Кембридж Халықаралық емтихан кеңесінің мамандары атсалысты.

Қазақ тілін оқытуда басты назар оқушылардың сөйлеу, тыңдау, айту және есту дағдыларын дамытуға аударылады. Бұл дағдыларды дамыту оқушылардың ақпаратты өздігінен іздеп, тауып, зерттеп, зерделеп, керегін іріктеп ала алатын, өз пікірін дәлелмен, дәйекпен өре білетін тұлға болып тәрбиелеуіне септігін тигізбек.

Форумға қатысып, баяндама жасаған халықаралық сарапшы – қостілді оқытуды әзірлеп, басқару жөніндегі кеңесші, PhD Питер Мехисто, пәннің мазмұнына негізделген тілді оқыту маңызына тоқталып өтті. Зияткерлік мектептердің қазіргі қолданып отырған әдісі де пән мен тілді кіріктіріп, тіл сабақтарында пән мазмұнын, ал пән сабақтарында тілді қоса үйретуге көңіл бөлуге негізделеді. Үштұғырлы тіл саясатын қолдайтын Зияткерлік мектептерде оқушылардың оқу тіліне қарамастан, бірқатар пәндердің қазақ, бірқатарының орыс, ал тағы біразының таза ағылшын тілінде оқытылуы қазіргі таңның өзінде жемісін беріп келеді. Ана тілі емес, өзге тілде пәнді оқи бастағанда, әуелі біраз қиналатын оқушылар кездессе де, уақыт өте келе пән бойынша тиісті білімді де, тілді де еркін меңгеріп, оқып отырған тілінде ана тілінен кем сөйлемейтіні анықталған.  

Форум аясында Зияткерлік мектептердің мұғалімдері өз тәжірибесінде қолданатын оқытудағы инновациялық әдістері бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері өз тәжірибелерінде қолдануға болатын бірқатар жаңа әдіс-тәсілдерді, сабақ үлгілерін көріп, сұрақ-жауап алмасты. Сондай-ақ Форум барысында Зияткерлік мектеп мғалімдері дайындаған әдістемелік құралдардың көрмесі өткізілді. Форум қатысушылары Орталық мамандары әзірлеген Пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісі бойынша әдістемелікті, Көкшетау қаласының физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебі мұғалімдері дайындаған қазақ тілі бойынша озық тәжірибелер, үлгілер жинақталған құралды еншілеп, олжалы қайтты. 

Форум соңында қатысушылар диалог алаңына жиналып, алған әсерлерін бөлісті. «Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтудегі инновациялық әдістердің маңызы», «Пәндік-тілдік кіріктірілген білім беру әдісінің екінші тілді оқытудағы мүмкіндіктері» және «Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту – уақыт талабы» тақырыптарында өткізілген талқылауларда мұғалімдер қауымы өз ой-пікірлерін айтты. Олар бұл шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуде жинақталған тәжірибені ел аумағында тарату қажеттігі туралы тілектерін білдірді.

Әрине, қазақ тілін оқыту мәселелеріне арналған түрлі басқосулар мен жиындар жер-жерде үнемі ұйымдастырылып келеді. Бірақ, дәл осындай, халықаралық деңгейдегі инновацияларды жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне таныстыратын, тәжірибе тарататын мұндай шаралардың саны әзірге сирек. Сондықтан Зияткерлік мектептер ұйымдастырған бұл форум ел деңгейінде алғашқылардың бірі болып өткізілді десек, артық айтпаспыз.

Аталмыш шараның барлық материалдары, оның ішінде мұғалімдер дайындаған шеберлік сағаттарының нұсқалары, әдістемелік жинақтар мен нұсқаулықтар Білім беру бағдарламалары орталығының сайтында орналасқан - http://www.cep-nis.kz

 

Білім беру бағдарламалары орталығының баспасөз қызметі