2013 жылдың қыркүйегі

«Білім берудегі зерттеулер ECER - 2013» деп аталатын Еуропа конференциясы  2013 жылдың қыркүйегінде Стамбул қаласында өткізілді. Ірі халықаралық форумға бүкіл әлемнің дерлік алдыңғы қатарлы ғылым-білім қоғамдастығының өкілдері: белгілі ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар, кеңесшілер, мұғалімдер, Кембридж, Сассекс, Пенсильвания, Бахчешехир университеттерінің, Назарбаев Университеті мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының менеджерлері, т.б. көптеген мамандар қатысты.

20 жылдан астам уақыт бойы өзектілігін жоймай, жыл сайын өткізіліп келе жатқан конференция бұл жолы Стамбулдың Бахчешехир университетінің (Bahçeşehir University) базасында ұйымдастырылды.

Қазақстандық «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы білім беру саласындағы бұл кездесуге алғаш рет қатысып отыр. ДББҰ делегациясының құрамында Басқарма Төрағасының орынбасары Назипа Аюбаева, Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Абдильдина, оның орынбасары Согдиана Чукурова, Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Әсел Шаримова, Семей қаласындағы  Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Ольга Хохотва болды.

Конференцияның «Оқу-зерттеу жұмысындағы креативтілік және инновациялар» («Creativity and Innovation in Educational Research») деп аталуы  кездейсоқ емес. Бүгінгі технологиялар заманындағы білімнің дамуы үшін инновациялардың маңызы күннен-күнге артып келеді, ол экономикалық өркендеу мен әлеуметтік және дербес бақуаттылықтың артуына да септігін тигізеді.

Конференция аясында түрлі бағыттағы 300 секция мен симпозиум жұмыс істеді.

Дүние жүзінің беделді білім беру мекемелері, жоғары оқу орындары мен орталықтары таныстырылған форумда Қазақстан Республикасындағы білім беру саласының даму қарқынына жеке блок арналды. Кембридж университетінің білім беру факультеті, Пенсильвания университетінің білім беру факультеті, сондай-ақ Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебі «Білім беру саясаты», «Үздіксіз кәсіби даму: басшылар мен ұйымдарды оқыту, жеке-дара оқыту», «Жоғары білім берудегі бағалау, анализ, апробация және өлшеу/зерттеулер» бағыттары бойынша 15 еңбекті таныстырды. Бұл бағыттағы еңбектер қатарында белгілі зерттеушілер Дэвид Бриджес (David Bridges) (профессор, Кембридж университетінің зерттеулер жөніндегі директоры (Моңғолия және Қазақстан), Коллин Мак Лауффлин (Colleen McLaughlin) (Сассекс Университетінің профессоры, Кембридж университетінің халықаралық бастамалар  жөніндегі директоры), Дэвид Фрост (David Frost) (Кембридж университетінің «Білім берудегі көшбасшылық және мектептердің дамуы» жобасының аға лекторы), Алан Руби (Alan Rubi) (Дүниежүзілік банк кеңесшісі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ  кеңесшісі, Пенсильвания Университетінің Жоғары білім беру департаментінің аға қызметкері), сондай-ақ келешегінен зор үміт күттіретін жас ғалымдар Майкл Фордхам (Michael Fordham), Роз МакЛиллан (Ros McLellan), Олена Фимяр (Olena Fimyar), Наталья Якаветц (Natallia Yakavets), Элэйн Вильсон (Elaine Wilson), Фэй Тюрнер (Fay Turner), Саймон Броунхилл (Simon Brownhill), Лиз Уинтер (Liz Winter), Лаура Перан (Laura Perna), Брайан Гопаул (Brayan Gopaul), Ката Оросз (Kata Orosz) таныстырылымдары қамтылды.

«Білім беру саясаты» тақырыбында Қазақстандағы соңғы 20 жыл ішінде өткізілген білім беру реформаларын, сондай-ақ екі инновациялық жоба – Назарбаев Университеті және Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінің ашылуын қарастыратын ғылыми-зерттеу жұмыстары таныстырылды. «Үздіксіз кәсіби даму: басшылар мен ұйымдарды оқыту, жеке-дара оқыту» бағытының аясында авторлар Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінің дамуы, жаңа бағдарламалардың әзірленуі, бағалау жүйесі, үштілділік саясаты, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы туралы баяндады. Бұдан кейін зерттеулер тақырыбы мектеп жүйесінің сипаттарынан өзгерістер процесіне қарай ойысты, көшбасшылық, өзгерістерді басқару, ұйымның дамуы және кәсіби оқу мәселелері қарастырылды. Бұл контексте мектептердің басшылығы мен мұғалімдердің атқаратын рөлі өте маңызды. Қазіргі заман педагогі фасилитатор (білім алуға себепкер), процесті қозғаушы, реформалардың белсенді қатысушысы болуы және көшбасшылық қасиеттерін дамытуы керек. Бұл секцияда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасының орынбасары Назипа Аюбаева «Рефлективті іс-тәжірибе: мұғалімдердің кәсіби оқуы үшін әлеуеті және мәні» тақырыбында баяндама жасады. Үшінші «Жоғары білім берудегі бағалау, анализ, апробация және өлшеу/зерттеулер» бағытының жұмысы жоғары білім беруге арналды. Зерттеулерді жүргізу барысында авторлар сұхбат алу, деректі анализ, бақылау әдістерін пайдаланды, фокус-топтармен жұмыстар жүргізді, өткізілген семинарлар нәтижелеріне сүйенді. Ғылыми-зерттеу еңбектерінің көпшілігі ауқымы әлдеқайда кең ғылыми жобалардың бір бөлігі ретінде таныстырылды.

Анықтама үшін

Еуропалық Білім берудегі зерттеу қауымдастығы (EERA) – еуропалық зерттеушілер ортасындағы идеяларды ілгерілету, зерттеулер жүргізуге көмек көрсету, өткізілетін зерттеулердің сапасын арттыру, саясаткерлер, басшылар мен практиктер үшін білім берудегі зерттеулер саласындағы тәуелсіз идеяларды ілгерілету, сондай-ақ зерттеулердің нәтижелерін тарау мен оларды жариялау үшін 1994 жылы ғылыми бірлестік ретінде құрылған қайырымдылық қоры.

1992 жылдан бастап Еуропаның түрлі қалаларында жыл сайын конференциялар өткізіле бастады.