2013 жылдың 25 - 28 маусымы

Қырғызстанда 25-28 маусым аралығында Орта Азия мемлекеттерінің «Ағылшын тілін оқытуда сын тұрғысынан ойлау» тақырыбында САТЕС – 2013 конференциясы өтті. 25 маусым күні конференция жұмысы кәсіби қауымдастықтардың және ағылшын тілі мұғалімдерінің ассоциациялары өкілдерінің жиынымен басталды. Америка  елшілігінің және Британ кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған жиынның мақсаты – Орта Азия көшбасшылары: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстан елдері арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Американың Қырғызстандағы елшісі  Спарлен Памела 26 маусымда конференцияны құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін сөз Орта Азиядағы ағылшын бағдарламаларының аймақтық басқарушысы Дженифер Улерге және конференцияны ұйымдастырушы «Lingua» мектебінің директоры Гульнара Назарбековаға берілді.

Конференцияның негізгі баяндамашысы АҚШ мемлекеттік департамент өкілі Энн МакАллен болды. Ол өз баяндамасында азаматтардың сын тұрғысынан ойлау қабілетінің 21-ғасырда жұмысқа орналасуда маңызды екенін атап өтті. Түрлі бағытта секциялар ұйымдастырылғанымен, олардың барлығы тілдің барлық аспектілері аясында сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту жайлы болды.