2013 жылдың 5 қазаны

2013 жылдың 5 қазанында сағат 10. 00-де Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде (мекенжайы: Түркістан көшесі, 2/1) еліміздегі қазақ тілі мұғалімдерінің қатысуымен «Қазақ тілін оқытудағы инновациялық бастамалар: Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі» атты республикалық форум өткізілді. Шараны ұйымдастырушы – Білім беру бағдарламалары орталығы.

Форум жұмысына жалпы білім беретін және базалық мектептердің қазақ тілі мұғалімдері, Білім және ғылым министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының өкілдері қатысты. Жалпы 300-ден астам қатысушы келді.

Форумды салтанатты түрде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Күләш Шамшидинова ашты. Халықаралық эксперт – билингвалды (екі тілді) оқытуды даярлау және басқару жөнінен кеңесші, ғылым докторы Питер Мехисто (Ұлыбритания) баяндама жасады.

Форум екі бөлімнен тұрды: пленарлы жиын және сессиялар жұмысы. Шара шеңберінде диалог алаңы ұйымдастырылды. Форум қазақ тілінде өткізілді.

Негізгі баяндама тақырыптары: «Тіл – оқыту мақсаты, тіл – оқыту құралы»,  «Қазақ тілін оқытудағы жаңа бастамалар», «Пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту әдісі», т.б.

Форумның барлық материалдарын, оның ішінде мұғалімдер әзірлеген шеберлік сабақтарын да Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріне тәжірибе тарату бөлімінен оқи аласыздар.