«Орта білім берудің мазмұны: дәстүрлер мен өзгерістер»

Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасымен бірге ұйымдастырған «Орта білім берудің мазмұны: дәстүрлер мен өзгерістер» атты II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы құрылымдық ойталқыға «Орта білім берудің мазмұны: дәстүрлер мен өзгерістер» Қазақстан Республикасы мен шет елдерінің ЖОО, орта білім беру және халықаралық ұйымдарынан 450 өкіл қатысты.

Екі күнге созылған жұмыс барысында конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасы және әлемдік білім беру кеңістігіндегі орта білім беру мазмұнының даму үрдістері және білім беру қызметінің сапасын жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар орта білім беру сапасының жаңа деңгейге көтерілуі білім беруді кеңірек түсінуден туындайтынына келісті. Оқушының жеке тұлға ретінде дамуының және қалыптасуының негізгі бағыты мәдениет және дәстүр құндылықтары мазмұнында жүргізілуі керектігі туралы айтылды.

Конференцияны қорытындылай келе, қатысушылар орта білім берудің сапасын жоғарылату, білім беру мазмұнын анықтау, күтілетін нәтижеге бағытталған мақсаттар жүйесін және оқушылардың оқу жетістігін әділ бағалау жүйесін құрастыру қажеттілігін бірауыздан құптады.

Осыған байланысты, конференцияға қатысушылар белсенді әдіс-тәсілдерді молайту арқылы функционалды сауаттылықты мақсатқа сай дамытуда, оқушылардың адамгершілік және құқықтық мәдениетін, ұлтжандылық пен азаматтық көзқарасының дамуына білім беру мен тәрбиенің маңыздылығын атап көрсетті.